«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңының 16-бап «Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру»
1. Ақпарат иеленушілер интернет-ресурстар құрады.
2. Осы Заңның 8-бабының 1) тармақшасында көрсетілген ақпарат иеленушілер интернет-ресурстарды мемлекеттік органдар интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында орналастырады.
3. Ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарда:
1) ақпарат иеленушінің қызметі туралы жалпы ақпаратты:
ақпарат иеленушілердің ұйымдық құрылымын, олардың басшылары туралы мәліметтерді;
ақпарат иеленушілердің қызметі туралы ресми жаңалықтарды (баспасөз релиздерін);
ақпарат иеленушілердің қызметінде болатын алдағы оқиғалардың ресми күнтізбелерін;
ақпарат иеленушілердің басшылары мен олардың орынбасарларының ресми сөйлеген сөздерінің және ресми мәлімдемелерінің мәтіндерін;
мемлекеттік және салалық бағдарламалар, тұжырымдамалар, доктриналар, аумақтарды дамыту бағдарламалары мен жоспарлары, стратегиялық жоспарлар, тиісті саланы дамытудың стратегиялары мен жоспарлары, нысаналы бағдарламалардың және тұжырымдамалардың жобалары туралы мәліметтерді;
ақпарат иеленуші жұмыс органы болып табылатын консультативтік-кеңесші органдардың (кеңестердің, комиссиялардың) қызметі туралы ақпаратты;
республикалық және жергілікті бюджеттер, Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры қаражаттарының пайдаланылуы туралы ақпаратты;
ақпарат иеленушінің нысаналы және өзге де бағдарламаларға, халықаралық ынтымақтастыққа қатысуы туралы ақпараттық хабарларды;
мемлекеттік орган, оның аумақтық органдары, жергілікті өзін-өзі басқару органы, ведомстволық бағынысты ұйымдар өз құзыреті шегінде жүргізген тексерулер нәтижелері туралы, сондай-ақ мемлекеттік органда, оның аумақтық органдарында, жергілікті өзін-өзі басқару органында, ведомстволық бағынысты ұйымдарда жүргізілген тексерулер нәтижелері туралы ақпараттық хабарларды;
атқарылған жұмыс туралы есептер мен баяндамаларды;
орталық және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметінің тиімділігін бағалау қорытындыларын;
мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын қоғамдық бағалау нәтижелерін;
2) ақпарат иеленушінің және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары құрылымдық бөлімшелерінің тізбесін, олардың міндеттері мен функцияларын, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәліметтерді;
3) ақпарат иеленушінің аумақтық органдарының тізбесін (олар болған жағдайда), олардың міндеттері мен функцияларын, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәліметтерді;
4) ақпарат иеленушінің құзыретін, өкілеттіктерін, міндеттері мен функцияларын регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді;
5) ақпарат иеленушінің норма шығармашылық қызметі туралы ақпаратты:
ақпарат иеленуші қабылдаған нормативтік құқықтық актілер тізбесін;
ақпарат иеленуші қабылдаған және қол қойылған телнұсқаларға толық сәйкестікте қолданысқа енгізілген нормативтік құқықтық актілерді;
ақпарат иеленуші әзірлейтін нормативтік құқықтық актілер жобаларының мәтіндерін, сондай-ақ түсіндірме жазбаларды, салыстырма кестелерді, ғылыми сараптамалардың қорытындыларын және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің сараптама қорытындыларын;
ақпарат иеленуші әзірлейтін мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарының жобаларын, сондай-ақ олардың жария талқылануы аяқталғаны туралы есептерді;
6) ақпараттық ресурстар мен көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты:
ақпарат иеленуші құрған бұқаралық ақпарат құралдары туралы мәліметтерді (болған жағдайда);
ақпарат иеленушінің қарамағындағы дерекқорды, тізілімдерді, тіркелімдерді, кадастрларды;
көпшілікке қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстар мен жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін электрондық қызметтер тізбелерін;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүргізілетін мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтерді;
7) статистикалық ақпаратты:
ведомстволық статистикалық дерекқорды;
ақпарат иеленушінің құзыретіне жататын бөліктегі саланың (аяның) жай-күйін және даму серпінін сипаттайтын ақпаратты;
8) ақпарат иеленушінің қызметі туралы талдамалық баяндамаларды және ақпараттық сипаттағы шолуларды;
9) халықаралық ұйымдардың ақпарат иеленушілердің қызметі мәселелері бойынша қорытындыларын, сараптамалық бағаларын, ұсынымдарын және басқа да талдамалық материалдарын;
10) ақпарат иеленушінің жұмыс тәртібі туралы ақпаратты:
ақпарат иеленушінің рұқсат беру әрекеттерін (лицензиялау, аккредиттеу, тіркеу және басқалар) (мұндай өкілеттіктері болған жағдайда) жүзеге асыру тәртібін;
Қазақстан Республикасының заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес ақпарат иеленуші қарау үшін қабылдайтын өтініштер мен сұрау салулардың үлгілерін;
11) конкурстар, тендерлер өткізу туралы ақпаратты:
ашық конкурстық сауда-саттықтар (аукциондар, тендерлер), сараптамалар мен басқа да іс-шаралар туралы мәліметтерді және оларды өткізу шарттарын;
бұларға жеке және заңды тұлғалардың қатысу шарттарын;
өткізілген ашық конкурстық сауда-саттықтар (аукциондар, тендерлер) хаттамаларын;
12) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау тәртібін;
13) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібін;
14) алқалы органдардың ашық отырыстарының стенограммаларын және (немесе) хаттамаларын;
15) халыққа жүргізілген сауалнамалар туралы деректерді, ақпарат алуға арналған сұрау салуларды жинақтап қорытуды және талдауды;
16) «Сұрақ-жауап» сервисінің болуын;
17) азаматтарға жүргізілген интерактивті сауалнамаларды;
18) жаңалықтар легін;
19) ақпарат иеленушілердің, олардың құрылымдық бөлімшелерінің, аумақтық органдарының және ведомстволық бағынысты ұйымдарының пошталық мекенжайын, электрондық поштасының мекенжайын, анықтама қызметтерінің телефондарын;
20) ақпарат пайдаланушылар бірнеше рет (кезегімен келетін күнтізбелік үш ай ішінде екі және одан да көп рет) сұрататын ақпаратты;
21) Қазақстан Республикасының заңнамасында орналастырылуы міндетті деп белгіленген өзге де ақпаратты немесе ақпарат иеленуші орналастырылуы қажет деп санайтын ақпаратты орналастыруға міндетті.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарында:
1) бюджет қаражаты саласындағы ақпаратты:
республикалық және жергілікті бюджеттердің жобаларын;
бюджеттік есептілікті;
шоғырландырылған қаржылық есептілікті;
мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелерін;
2) әкімшілік мемлекеттік қызметтің бос лауазымдарына орналасуға жарияланған конкурстар туралы ақпаратты;
3) кадрлық және қаржылық мәселелерді, ведомствоішілік жұмысты ұйымдастыру мәселелерін реттейтін құқықтық актілерді қоспағанда, құқықтық актілерді;
4) мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттары мен регламенттерін;
5) шет мемлекет, халықаралық немесе шетелдік ұйым және (немесе) қор ұсынған, алынған және пайдаланылған гранттар туралы ақпаратты да орналастыруға тиіс.
5. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар Архивтерді және құжаттаманы басқару жөніндегі орталық мемлекеттік орган өзінің интернет-ресурсында Ұлттық архив қоры құжаттарының құрамы мен мазмұны туралы деректер жиынтығын (каталогін) орналастырады.
7. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының интернет-ресурстарында:
1) кадрлық және қаржылық мәселелерді реттейтін құқықтық актілерді қоспағанда, құқықтық актілер;
2) мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттары мен регламенттері;
3) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар басшыларының есептері;
4) шет мемлекет, халықаралық немесе шетелдік ұйым және (немесе) қор ұсынған, алынған және пайдаланылған гранттар туралы ақпарат;
5) әкімшілік мемлекеттік қызметтің бос лауазымдарына орналасуға жарияланған конкурстар туралы ақпарат та орналастырылуға тиіс.
8. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар жергілікті өзін-өзі басқару органдарының интернет-ресурстарында:
1) жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері және жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздері туралы есеп;
2) жергілікті қоғамдастық жиынын, жергілікті қоғамдастық жиналысын шақыру уақыты, орны және талқыланатын мәселелер;
3) жергілікті қоғамдастық жиынының немесе жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамалары, сондай-ақ оларда қабылданған шешімдер де орналастырылуға тиіс.
9. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілерінің интернет-ресурстарында:
1) жарияланған бос лауазымдар туралы мәліметтер;
2) бос лауазымдарға орналасуға кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары;
3) бос лауазымдар туралы ақпарат алуға арналған телефон нөмірлері де орналастырылуға тиіс.
10. Бюджет қаражатын алушылардың интернет-ресурстарында мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатты пайдалануға қатысты және қол жеткізу шектелген ақпаратқа жатқызылмаған ақпарат орналастырылады.
11. Монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің интернет-ресурстарында монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері өндіретін және өткізетін тауарларға баға белгілеу мәселелерін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ олар өндіретін (өткізетін) тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағалар орналастырылады.
12. Өзінің интернет-ресурсында ақпарат орналастыруға техникалық мүмкіндігі жоқ ақпарат иеленуші оны жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында орналастырады.
13. Ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында жаңалықтар легін жаңарту күн сайын жүзеге асырылуға тиіс, өзге бөлімдерді жаңарту ақпарат алынған немесе құрылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
14. Интернет-ресурстағы ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілуге тиіс. Ақпарат иеленушінің интернет-ресурсының басқа тілдердегі нұсқалары да болуы мүмкін.
15. Ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында қол жеткізу шектелген ақпарат орналастырылуға жатпайды.
16. Интернет арқылы нормативтік құқықтық актілерге тегін қол жеткізу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы да қамтамасыз етіледі.
/public/files/2019/10/7/071019_173008_statyya-16-zrk-o-dostupe-k-inf26092019102256.docx